18 Тамыз, 2015

Қазақ хандығы кезіндегі билер институты: Тәлімі мен  тағылымы

15585 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
Логотип 550 жылАумалы-төкпелі, алмағайып замандарды бастан кешкен халқымыздың өзіндік басқару жүйесі де болған: ел қамын жеген ерлері, сөзін сөйлеп, жағдайын ойлаған шешендері, әділдіктің ақ туын түсірмеген білімпаз билері өткен. Билер халықтың көкейіндегісін айтқан, көмейіндегісін жарыққа шығарған әділет жоқшысы болған. Бұл тұлғаның ерекшелігі сонда, биді байлық та, барлық та жасай алмаған. Би тұғырына топты жарып, таразы басын тең ұстап, әділдікті сақтап, қара қылды қақ жарып айтатын парасатты адамдар көтерілген. Биге табиғи дарын, текті ақыл, алыстан көріп, барлай алатын, оны зерделей білген дана, сөздің «майын» ағызатын дүлдүл шешендер жатқан. Міне, осы би ұғымының мәнін ашатын: «Түгел сөздің түбі – бір, Түп атасы – Майқы би», деген сөз тарихта қалған. Қазақтың атақты билері: Төле, қаз дауысты Қазбек, Әйтекеден қалған сөз билігі дәстүрі ғасырлар бойы үзілген емес. Олардың заманында, Ахмет Байтұрсынов пікірімен айтқанда, «әділ билердің қолындағы билік қазақтың неше түрлі дертін жазатын таптырмас дәрі еді». Билер жақсы мен жаманды, жақын мен алысты, қымбат пен арзанды, қиын мен жеңілді салыстырып алға тартқан. Мал дауы мен жер дауына, ар дауы мен намыс дауына кесімді билік айтып, «тілмен түйіп, тіспен шеше алмас» тұжырым жасаған. Кез келген қазақ ол кезде мылжыңдықты, далбасалықты, жағымпазды мін көріп, қорлық санаған. «Сөз шынына тоқтайды, пышақ қынына тоқтайды» деп шындықтың туын көтерген «от ауызды, орақ тілді» шешендерін қастерлеп өткен. «Су түбін шым бекітеді, дау түбін сөз бекітеді» деп те ретіне қарай келістіріп отырған. Бейнелі, дәлелді, қисынды уәж айтқан. Билер билік айтарда ауытқып, бұра тартқан тұстары болса, бірін-бірі тоқтатып, әділетке шақырған, «айтқан сөзі-құрған қақпандай» болған беделді билер қазақ қоғамындағы әділеттіліктің жаршысы болған. Бүгінде «би» сөзінің шығу тегі жайлы бірауызды кесіліп-пішілген пікір жоқ. Осы мәселені зерттеген ғалымдар Г.Вамбери, В.Радловтар «би» сөзінің төркінін түркі тіліндегі биіктік, жоғары­лылық деген мағыналардан іздесе, Леонтьев, Ш.Уәлиханов, Халид және т.б. зерттеуші ғалымдар өзге де пікірлерге тоқталған. Турасына келер болсақ, «би» сөзі ежелгі түркінің «бек» сөзінен бас­тау алып, негізінен «басқару», «билеу», «билік ету» деген ұғым­дарды білдірсе керек. Осы пікірге тоқталсақ «би» терминінің шығу уақыты да ежелгі түркі заманы екені талас тудырмайды. Қазақ хандығы e-history.kz сайты Қазақ халқының өмірінде билер институтының алар орны мен үлес-салмағы, маңызды­лығы айрықша болды. Өйткені, оның – мемлекеттің саяси және әлеуметтік жағдайын тек әдеттегі құқықпен ғана емес, рухани-мәдени салт-дәстүр негізінде де ұштастыра әрі теңестіре отырып қамтамасыз етуші бірден-бір құрылым ретіндегі рөлі ерекше. Бұл құрылым ол кезде мемлекеттік басқару жүйесімен тығыз астасып жатты. Билер ел, жер, жесір дауын, мал-жан, кәсіп мәселесін түйінді төрт-ақ ауыз сөзбен тындырып отырған. Тындырғанда да хатсыз, қарарсыз, ауызша жүзеге асырып, бітіріп отырған. Қазіргідей алтын уақыттарын жиын, мәжіліс съезбен өткізіп, құлаш-құлаш қаулы–қарар қабылдап, оны жоғары-төменді бұйрықпен таратып, төрешілдікке, қағазбастылыққа салынбаған. Ол кезде бір бидің өзі осы күнгі соттың да, прокурордың да, полицияның да, өзге де құқық қорғау органдарының қызметтерін атқарған ғой. «Би – әлеуметтік категория ретінде қазақ халқының тарихында ерте заманнан бері қолданылып келе жатыр... Әлеуметтік қатынастардың дамып шиеленісумен бірге, кейде билердің көпшілігі қанаушы таптардың уәкіліне айналған. Билердің әдет-заң нормаларын талқылауда, билік айтуда, ол биліктің орындалу әдістерін белгілеуде кең құқықтары болды. Билер соты Қазан төңкерісіне дейін қылмыстық және азаматтық істердің көпшілігін қарайтын ресми орган болып, құн, барымта, қалың мал, әмеңгерлік, көп әйел алу, т.б. патриархтық кертартпа қалдықтарды қорғап келеді» – деп (Қазақ Совет Энциклопедиясы 2-том, 322-323бб.) билердің қоғамдағы рөлін әдейі төмендетіп көрсеткен. Ел басқаруда билердің орны ханнан кем еместігін, тіпті ханның өзін «Билер кеңесі» сайлайтынынан сескенген Ресей империясы Қазақстанды отарлау барысында олардың рөлін шектеп, мүлдем жойып тынды. Ал, қарауындағы бодан елдің күшті хандықтардан тұруы, ондағы билердің кей жағдайда хандардан да беделдері асып тұратындығы Ресей империясының отарлау сая­сатын ойдағыдай жүзеге асыруына кедергі деп білді. Осы себептен билердің қыз­метін мүлдем жою көзделді. 1868 жылы қабылданған «Жаңа устав» қазақ даласында сұлтандық пен елді басқарудың ежелден келе жатқан дәстүрлі жүйесін жойып тынды. Енді «бөліп ал да, билей бер» деген саясатпен қазақ даласы ұсақ болыстарға бағынышты болды. Осындай ұсақталған болыстарды, бұрын көсемдігі­мен, шешендігімен халыққа танылғанда ғана өздігімен би атанатындарды енді халық сайлап, Ресей патшасының еркеше құқықты өкілдері заңдасты­рып бекітетін болды. Мұндай қадамға бару ғасырлар бойы мінсіз қызмет етіп, тарихтың, қоғамның қалыптасуына олардың бойындағы сан-алуан тума таланттарын біржолата жою еді. Өйткені, енді болыстыққа би – қазылыққа өзінің дара қасиет­терімен би атанғандар емес, пара беру арқылы, халық­тың емес, қара басының құлқынын ойлайтын, Ресей патшасы өкілдерінің айтқанын істеп, айдағандармен жүретін дарынсыз, жетесіз мансапқорлар «сайланды». Бұл жөнінде дана Абай өзінің «Үшінші сөзінде» әрбір старшын басы бір би сайлау саясатын сынай келіп, былай деген еді: «Бұл билік деген біздің қазақ ішінде әрбір сайланған кісінің қолынан келмейді. Бұған бұрынғы «Қасым ханның қасқа жолын», «Есім ханның ескі жолын», әз Тәуке ханның күлтөбенің басындағы күнде кеңес болғанда «Жеті Жарғысын» білмек керек. Бұл ескі сөздердің қайсысы заман өзгергендікпен ескіріп, бұл жаңа заманға келіспейтұғын болса, оның орнына татымды толық билік шығарып, төлеу саларға жарарлық кісі болса керек еді, ондай кісі аз, яки тіпті жоқ». Абайдың-«бас-басына би болған өңшең қиқым» деп қынжылуы осы кездің көрінісіне айқын куә деп білеміз. Ал, шығыс жұлдыздарының бірі Ш.Уәлиханов «Билер сотының ертеден келе жатқан халықтық түрі» деген мақаласында, «Би атағын беру қазақта халық тарапынан бір сайлау арқылы немесе халықты билеп отырған үкімет тарапынан бекіту арқылы болған емес, тек сот ғұрыптарына әбден жеттік, сонымен қатар, тілге шешен қазақтар ғана бұл құрметті атаққа өз бетімен ие болып отырған. Мұндай би атағын алу үшін би болам деген қазақ өзінің ісіне жетіктігі және шешендік қабілеті бар екендігін халық алдында сан рет көрсетуге тиіс болған. Ондай адамдардың атағы бүкіл қазақ даласына тез жайылып, олардың аты жұрттың бәріне мәлім болып отырған». Тап осындай пікірлерді қазақ сахарасын көп кезіп, ауыз-әдебиетіміз, әдет-ғұрып, салт-санамыз туралы көптеген еңбек­тер жазған Ә.Диваев, А.Васильев, В.Радловың шығармалары­нан да көптеп кездестіреміз. Басқаны былай қойғанда, жат жұрттың өкілдерінің өзі «би үстем таптың өкілі, ол тек қана хан-сұлтандардың, бай-манаптардың сойылын соғып, халықты қанаушы» деген пікірді бірде-бірі жазбапты. Арғы-бергі ауызша тараған немесе жинақталып қағазға түскен көне шежірелерімізге зер салсақ, бидің тек байлардың ғана арасынан емес, жоқ-жітікті кедейлер арасынан да талай шыққанын, «Ердің құнын екі ауыз сөзбен бітірген» саңлақ билер болғанын тарих растайды. Сонымен, би дегеніміз – ел жұртының әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, өткен шежіресін, тарихын, қоғамының даму барысын, айнала қоршаған табиғаттың сан-алуан қасиеттері мен құпия­ларын білетін, адамдардың көкірек көздеріне ой көзімен қарай алатын, қырлы-қырлы мінез-құлықтарды айтқызбай-ақ тап басатын, ғылым-білімнен хабардар, кемел пікірлерін шешен тілмен жеткізіп беруде дара қасиеті бар жандар болды. Біз бұл тұжырымымызбен би атаулының бәрі бірдей шетінен кемеңгер, көсем болған деген ұшқары пікір айтудан аулақпыз. Өзінің азды-көпті көрген-түйгенімен, бір қағар шешен тілімен ортаға түсіп, қара басының, құлқынының қамы үшін малы барлардың, хан-сұлтандардың теріс екендігін көре-тұра бұрыс тартып, өз руларының сойылын соққан бисымақтар да ел арасында аз ұшыраспағанын айтпасақ, ақиқат ауылынан іргемізді аулақ салғанымыз болар еді. Әрине, ондай бисымақтар ақыға алған атымен, киген тонымен бірге тозып, халық жадынан тез ұмыт болып отырған. Би дегенге үш арысымыз – Төле, Қазыбек, Әйтеке жеткен заңғар биіктен қарағанымыз абзал. Енді халық даналықтарына сүйене отырып, билер бойындағы дара қасиеттерге қысқаша болса да жеке-жеке тоқталып, сараласақ. Ол қасиеттер бірін-бірі толықтырып, төрт аяғынан тең басып тұрмаған жағдайда атышулы билер додасында қарсы жағы осал тұстан орып түсіп, омақастырып кете беретін болған. Иә, би-көпті көрген, яғни «көре-көре көсем болған», көкірек көзі қиядағыны шалатын, ойы орамды, көнені ғана біліп қоймай, болашақты да тап басып, байламды, бағаналы болжам жасай алатын, әрдайым халық көңілінен шығатын жан болуы шарт. Шешендік – көп халықтарда ертеден ұшырасатын қасиет. Тіпті, Ежелгі Рим империясы мен Грек, Мысыр елдеріндегі оқу орын­дарында шешендік өнер «Рито­рика» аталып, негізгі пәндердің бірі болып саналған. Ал, қазақ даласында билер біздегі секілді ешбір пәнді оқымай-ақ салиқалы ойдың түйінін дәл жеткізуге шебер болған. Биді бұрынғы да, қазіргі де жазба тілдерімізде сот деп жүрміз. Бұл бір жақты пікір. Әдетте, даулы мәселені шешкен жерде кемі үш би қатысқан, бірі – айыптаушы (прокурор), екіншісі – ақтаушы (адвокат), үшіншісі –төбе би (судья). Ал, сот дегеніміз бір ғана үкім шығарушы судья деген мағынаны ғана білдіреді. Сондықтан биді сот деп емес, заңгер деп қараған дұрыс секілді. Әйтпесе, жалпыға түсінікті жағ­дайда «би» – деп атаған да жөн. Осы арада тағы бір айта кететін жай – қазақта, сондай-ақ жалпы түркі елдерінде би секілді қазы деген сөз жиі кезігеді. Қазы да билік айтушы, төрелік етуші болып саналады. Әйтсе де би мен қазы сөздерінің арасы жер мен көктей. Қазы бір өзі ғана даулы іспен жүгінушілерге шешім шығарып, төрелік айтады. Ал оның әділдігі мен әділетсіздігі көп жағдайда тең түсіп жатуы ықтимал. Ондай жағдайда даушылар қазыдан асып, билер алдына жүгінетін болған. Әрі жоғарыда айтқан және төменде баяндалатын тек биге тән қасиеттерді қазыдан талап ету – орынсыз, білместік болады. Яғни, қазы өзінің дүниетаным, көзқарасына қарай дұрыс болсын, бұрыс болсын – төрелік айтушы ғана. Биге орай тағы бір ескере кететін жайт бар. Халық арасында «би екеу болса, дау төртеу» деген астарлы сөз бар. Бұл сөзді кейде билер жүрген жерде дау­да көп деп сыңаржақты ұғып қаламыз. Мұндай пікір қате. Бұл арада даулы мәселені екі би емес, үш би (яғни, тақ санды) шешсін дегені. Яғни, бірі айыптаушы, екіншісі – ақтаушы болса, ал үшіншісі – ортақ, әділ шешім айтатын Төбе би болсын дегенді меңзегені. Бұл әдіс сол кезеңдегі дала демократиясы­ның ­таптырмас туындысы болып ­табылады. Би елші (дипломат) мәмілегер ретінде де тарихтан орын алған. «Жауластырмақ-жаушыдан, елдестірмек-елшіден», «Елші­сіне қарап елін таны» деген секілді тек қана қазаққа тән емес, түркі дәуірінен келе жатқан көптеген мақал-мәтелдерде қаншама терең мағына жатқанын біз әлі де жете пайымдай алмай келеміз. Яғни, би тек ел ішіндегі даулы мәселені шешеді екен деп қарауымыз да жете бағамдамаушылық. Әрине, жеке адамдар, ру, тайпа, ұлыс аралығындағы кикілжіңді ел мен ел арасындағы даулы істермен қатар қоюға болмайды. Сол себепті де, соңғы мәселені шешу үшін жат жұртқа нағыз беделді билерді жіберіп реттеп отырған. Қазақтармен жауласып келген Жоңғар хандығына соғысты тоқтатып, тату көршілік қатынас орнату үшін кезінде Қазыбек би бастаған елші жіберілген. Сонда Қазбек бидің Жоңғар ханына елшілікке барғанда айтқаны: «Сен темір де мен көмір, Еріткелі келгемін. Екі еліктің баласын, Теліткелі келгемін. Егесетін ел шықса, Иілткелі келгемін. Тұтқыр сары желіммін, Жабысқалы келгемін. Жаңа үйреткен жас тұлпар Шабысқалы келгемін. Танымайтын жаттарға, Танысқалы келгемін. Қазақ-қалмақ баласы, Табысқалы келгемін. Табысуға келмесең, Тұрысатын жеріңді айт, Сен қабан да мен арыстан Алысқалы келгемін». Ел басшылары сол заманда билер арқылы барлық түйінделген мәселелерді мүмкіндігінше бейбіт жолмен шешіп, бәтуаластыруды мұрат тұтқан. Билер саясатпен де айналысып, қоғам қайраткері дәрежесіне дейін көтеріліп отырған. Би – жекеле­ген адамдар, ру мен ру, тайпа мен тайпа арасындағы дау-жанжалды шешумен ғана шектелмегені баршаға мәлім жай. Олар ел мен ел арасындағы қоғамдық мәні зор саяси мәселелерді шешуде хан-сұлтандардың негізгі тірегі, кеңесшісі болған. Хан қаншама қаҺарлы болғанның өзінде «Билер кеңесінде» көпшілік дауыспен қабылданған шешімді жеке билікпен бұза алмаған. Әйгілі әз Жәнібек ханның жанында ел ішінің сыртқы саясатының барлық мәселелерін талқылап, баға беріп, жөн-жоралғы сілтейтін алпыс би болған екен дейді. Атақты Абылай ханның жанында үнемі кеңесші 8 би болғаны тарихтан белгілі. Ал, иісі қазақтың кемеңгер ханы әз Тәуке, бүгінде ежелгі гректердің заңгері Салон шығарған заңмен пара-пар де­лініп жүрген, «Жеті Жарғыны» жазғанда ошақтың үш аяғындай тең тұрған билеріміз – Төле, Қазыбек, Әйтекелердің ақыл-кеңесін басшылыққа алғанын ешкім жоққа шығара қоймас. Күлтөбе, Мәртөбе бастарында өткен талай әйгілі кеңестерде ел бірлігі, ас-ауқаты, амандығы мен болашағы жайында келелі іске кеңес берген де осы билеріміз болатын. Ел ішінде би ой түйіп, сөз ұстап, әділ төрелік айтумен бірге, бүкіл бір халықтың болашақ ұрпағын тәрбиелеуде де теңдессіз қызмет атқарумен қадірменді саналған. Қалай болғанда да сан ғасырлар бойы халқымызбен бірге жасасып, оның ел басқару жүйесінде айрықша қоғамдық маңыз атқарып келген билердің рөлін қайта жандандырсақ, ұлттық қадір-қасиеттерімізді сақтауға көмектесер еді. Осы қастерлі мұра, даналық, «қара қылды қақ жарар» әділдіктің адал оғы, сатылмаған қазақтың киелі ауызды билерінен шыққан сөздер бүгінгі таңда да қазақ қоғамына үлгі болуы қажет екендігіне ешкімнің таласы жоқ деген ойдамыз. Қуандық ЕСЕНҒАЗЫ, тарих ғылымдарының докторы, профессор.